
25.02.2009 / 14:56
Қазақстан – Польша: Еуропа мен Азия арасындағы жолдың қайта өркендеуі


ВАРШАВА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат - Польшада «Поляк Бенедикт: Еуропадан Азияға Қазақстан арқылы (1245-1247 жж.)» атты кітап жарық көрді, деп
хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан елшілігіне сілтеме жасап.
Осыдан жеті ғасырдан астам, Марко Поло дүниенің азиялық бөлігіне келгенінен 30 жыл бұрын, францискалық тақуа Бенедикт Поляк Қасиетті Тақтың дипломатиялық миссиясы құрамында еуропалықтардың ішінде бірінші болып, қазіргі Қазақстан даласын басып өтіп, Азия құрылығының терең қойнауына саяхат жасады.
Бұл саяхаттаудың нәтижесі замандастарының күткен жаңалықтарының бәрінен де асып түсті. Поляк саяхатшысының жасаған хабарламасы Еуразиядағы Алтын Орданың салтанат құру дәуіріндегі ең жарқын құжаттардың бірі болып табылады. Ғалымдардың пікірі бойынша, поляк Бенедикт Ұлы Дала туралы ақпарат жинауда маңызды рөл атқарды, осының арқасында Еуропа бірінші рет дала тұрғындарының өмірі мен тұрмысы туралы жайларды білді.
Варшавадағы Қазақстан Елшілігі бастамасымен басылып шыққан жарияланымда оқырмандарға Вена және Париж қалаларындағы Ұлттық кітапханаларда сақталған осы саяхаттың жылнамасы берілген. Сонымен қатар, саяхат барысын сипаттаған көне қолжазбалар ғылыми айналымға тұңғыш рет бірнеше тілде: латын, поляк, қазақ және орыс тілдерінде енгізілді.
Поляк Бенедикттің осы аңызға айналған саяхаты қазақ және поляк халықтары арасында екі жақты байланыстың басталуына ықпал етті деп зор сеніммен айтуға болады. Тақуа Бенедикттің саяхатынан кейін 760 жыл өткен соң әлем тәуелсіз Қазақстанды өздері үшін жаңа қырынан танып отыр.
Қазақстанның Польшадағы Елшісі Алексей Волковтың поляк оқырмандарына арнау сөзінде бұл кітаптың басылып шығуы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау мен жүзеге асыруға орайластырылғаны айтылады. Бұл бағдарламада Қазақстанды Еуропаның басты мемлекеттерімен, соның ішінде технологиялық, энергетикалық, инвестициялық, тасымалдау, қоғамдық және т.б. салаларда стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығару көзделген. Польша оқырмандары сондай-ақ Қазақстанның өзіндік жетістіктерімен және өзіне тән геосаяси орналасуының арқасында 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болатынын, ал 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымын басқаратынын біле алады.
Осылайша, біздер қазіргі кезде Қазақстан мен Польша арқылы Еуропа Одағы арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықтың беку көрінісін байқай аламыз. Елдеріміздің игілігі үшін еуропалықтарға Қазақстанды тұңғыш ашқан поляк тақуасы Бенедикттің мұрасы сақталып, байи түсуі тиіс.